Сайлаушылар мен сайлау процесіне қатысушыларға
Сайлаушыларды тіркеу

Азаматты сайлаушылар тізіміне енгізу үшін сайлаушының сайлау учаскесі аумағында тұрғылықты жері бойынша тіркелуі негіз болып табылады.

Қазақстан Республикасы азаматтарын тұрғылықты жері бойынша тіркеуді жүзеге асыруға уәкілетті органдар әділет органдары болып табылады.

Жеке тұлғалардың тұрғылықты жерін тіркеу:

  • олардың белгіленген тәртіппен тұрғын үйді меншігіне сатып алғанын растайтын не оны пайдалануға, оның ішінде жалға алу (жалдау), ішінара жалға алу шарты бойынша алғаны туралы куәландыратын;
  • оларға Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге негіздерде, сондай-ақ тұрғын үй меншік иесінің (жалға алушының) жазбаша келісімі бойынша тұрғын үйде тұру құқығын беретін құжаттардың негізінде жүзеге асырылады.


Азаматтарды тіркеу:

  • тұрғын үйлерде, пәтерлерде, жатақханаларда, қонақүйлерде;
  • демалыс үйлерінде, шипажайларда, профилакторийлерде, емдеу мекемелерінде;
  • саяжай бау-бақша серіктестіктері мен кооперативтерінің тұрғын үй-жайларында;
  • интернат-үйлерінде, тұрғын үйге ыңғайланған қызметтік ғимараттарда тұрақты тұратын жері бойынша жүзеге асырылады.

Азаматтардың жауапкершілігі

Азаматтардың жеке куәліксіз немесе жарамсыз жеке куәлік бойынша, сондай-ақ тұрғылықты жері немесе уақытша келген жері бойынша үш айдан астам мерзім бойы тіркелмей тұруы ескертуге немесе бір айлық есептік көрсеткіштің мөлшерінде айыппұлға әкеліп соғады.


Сайлаушылардың тізімдері

Сайлауға қатысу үшін қажетті шарт сайлаушылар тізіміне сайлаушылардың енгізілуі болып табылады.

Сайлаушылардың тізімдерін тұрғылықты жері бойынша тиісті әкімдік жасайды.

Сайлау тағайындалған сәттен бастап әрбір сайлаушы тиісті әкімдікте сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы.


Сайлауға дейінгі отыз күннен кешіктірілмей

Егер сізге сайлау күні тіркелген жеріңіз бойынша дауыс беруге арналған үй-жайға келу мүмкіндігіңіздің болмайтыны белгілі болса, сіз сол жердің әкімдігіне сайлау күні өзіңіз болатын жер бойынша сайлаушылар тізіміне сізді енгізу туралы жазбаша өтінішпен жүгінуге құқылысыз.

Дауыс берудің басталуына жиырма күн қалғанда, тиісті әкімдік учаскелік сайлау комиссияларына акт бойынша сайлаушылар тізімдерін ұсынады.

Дауыс беру күніне он бес күн қалғанда, сайлаушылардың тізімдері сайлау учаскелерінде танысу үшін сайлаушыларға ұсынылады.

Сіз сайлаушылар тізімдеріндегі өзіңіз туралы деректерді тексеруге және тізімге енгізілмегеніңіз, дұрыс енгізілмегеніңіз немесе тізімнен алынып тасталғаныңыз, сондай-ақ тізімдегі сіз туралы деректерде жаңсақтықтар жіберілгені үшін шағым жасауға құқылысыз.

Тізімдерге түзетулер енгізу қажеттігі туралы өтініштерді учаскелік сайлау комиссиясы өтініш келіп түскен күні қарайды.

Жалпы жұрттың танысуы үшін сайлаушылар тізімдерін ұсыну мен сайлау күні арасындағы кезеңде

Сіз өзіңіздің болу орныңызды ауыстырған кезде өзіңіздің тіркелген жеріңіз бойынша учаскелік сайлау комиссиясына жүгінесіз, ол жерде төлқұжатты немесе жеке куәлікті берген кезде учаскелік сайлау комиссиясы дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін табыс етеді. Бұл ретте сайлаушылар тізіміне тиісті белгі қойылады.

Есептен шығару куәлігі бір елді мекеннің шегіндегі басқа сайлау округінде немесе басқа сайлау учаскесінде дауыс беруге қатысқысы келетін сайлаушыларға берілмейді.

Есептен шығару куәліктерін беру дауыс беру күні алдындағы күнгі жергілкіті уақыт бойынша 18 сағатта аяқталады.
Дауыс беретін күні дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін көрсеткен кезде учаскелік сайлау комиссиясы сізді келген орныңыз бойынша сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізіміне енгізеді.

Сайлау күні

Дауыс беру сайлау күні, сайлау учаскесіндегі дауыс беруге арналған үй-жайда жергілікті уақыт бойынша сағат жетіден жиырмаға дейін өткізіледі.

Сайлаушы өзі дауыс береді. сайлауда дауыс құқығын басқа біреуге беруге және сол сияқты басқа адам үшін дауыс беруге жол берілмейді.

Дауыс беруге арналған бюллетеньдер сізге сайлаушылар тізімінің негізінде қазақстан республикасы азаматының төлқұжатын немесе жеке куәлігіңізді көрсеткен кезде беріледі.

Сіз сайлаушылар тізімінде бюллетеньдерді алғандығыңыз туралы қол қоясыз.

Сайлау бюллетеньдерін сайлаушы жасырын дауыс беруге арналған кабинада толтырады. оларды толтыру кезінде сізден басқа кімнің болса да, кіріп тұруына тыйым салынады.

Егер сіздің бюллетеньдерді өз бетіңізше толтыруға мүмкіндігіңіз болмаған жағдайда, өзіңіз сенетін адамның көмегін пайдалануға құқылысыз, оның аты-жөні дауыс бергеннен кейін сайлаушылардың тізіміне тіркеліп, тұсына сіздің бюллетень алғандығыңыз туралы қолыңыз қойылады. мыналар ондай адам болуға тиіс емес:

  • сайлау комиссиясының мүшесі;
  • жергілікті өкілді немесе атқарушы органның лауазымды адамы;
  • кандидаттың немесе саяси партияның сенім білдірілген адамы;
  • бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі - журналист;
  • тиісті сайлау комиссиясында тіркелген байқаушы.


Сайлау күні жергілікті уақыт бойынша сағат он екіден кешіктірмей

Егер сіз:

  • денсаулығыңыздың жай-күйі бойынша;
  • науқас отбасы мүшесін күту себебі бойынша;
  • сайлау учаскелері құрылмаған шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда болып, дауыс беру үшін келе алмайтын болсаңыз, сіз учаскелік сайлау комиссиясына өзіңіз болатын жерде дауыс беруді ұйымдастыру туралы жазбаша өтінішпен жүгінуге құқылысыз.

Учаскелік сайлау комиссиясы сіздің болатын жеріңіз бойынша дауыс беруді ұйымдастыруға тиіс.


Электрондық дауыс беру жүйесінің артықшылықтары

Орталық сайлау комиссиясы қағаз бюллетеньдермен бір уақытта электрондық бюллетеньдер пайдаланылатын сайлау округтері мен учаскелерін айқындайтын болады.

Электрондық дауыс беру жүйесі көптген елдерде өзінің тиімділігін дәлелдеп, Қазақстанда табысты сыналғанын естеріңізге саламыз.

Оның артықшылықтары сайлаушылар үшін қолданудағы қарапайымдылығы мен қолайлылығы, сайлау процесінің жоғары дәрежедегі ашықтығы мен объективтілігі, дауыс беру нәтижелерін санаудың жеңілдігі мен шапшаңдығы болып табылады.

Біздің Республикамызда бүгін жоғары технологияларды барлық тіршілік салаларына енгізуге басымдық беріліп отырғаны белгілі. Электрондық дауыс беру жүйесін пайдалана отырып, сіз де Қазақстанда инновацияларды белгілі бір шамада алға жылжытуға көмектесесіз, барлық деңгейлердегі сайлау комиссияларының жұмыс тиімділігін елеулі дәрежеде арттыруды қамтамасыз етесіз, электрондық дауыс беру жүйесіне деген сеніміңізді көрсетесіз.


Сайлау туралы ақпаратты алу үшін кімге жүгінуге болады?

Барлық үміткерлердің біздің елімізде болып жатқан сайлау процесі туралы ақпаратқа барынша қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы интернет ғаламдық желісінде өзінің сайтын ашты: www.election.gov.kz

Сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге байланысты өздеріңізді қызықтыратын барлық мәселелер бойынша аумақтық, округтік немесе учаскелік сайлау комиссияларына жүгінуіңізге болады.

Егер сіз сайлау туралы заң бұзушылықтар болды деп есептесеңіз, заң бұзушылық жасалған күннен бастап он күннің ішінде жоғары тұрған сайлау комиссияларына, сотқа немесе прокуратура органдарына жүгінуіңізге болады.