| 09.06.2006 |
|
Қазақстан Республикасы Конституциясының 87-бабының 4-тармағына және "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 32-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының аудандары, облыстық маңызы бар қалалары әкiмдерiнiң сайлауын өткiзу ережесi бекiтiлсiн.
2. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы:
1) 2006 жылғы қазанда Қазақстан Республикасы әкімшілік-аумақтық бөліністерінің отыз процентінде аудандар, облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауын тағайындасын, ұйымдастырсын және өткiзсін;
2) осы Жарлықта көзделген, сайлау өткiзiлетiн аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың тiзбесiн облыстардың әкiмдерiмен бiрлесiп айқындасын.
3. Қазақстан Республикасының Yкiметi облыстардың әкiмдерiмен бiрлесiп, Қазақстан Республикасының аудандары, облыстық маңызы бар қалалары әкімдерінің сайлауын ұйымдық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөнінде қажетті шаралар қабылдасын.
4. Осы Жарлық жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президентi Н.Назарбаев
Астана, Ақорда, 2006 жылғы маусымның 6-сы
№ 130
Президентiнiң
2006 жылғы 6 маусымдағы № 130
Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
Қазақстан Республикасының аудандары, облыстық маңызы бар
қалалары әкiмдерiнiң сайлауын өткiзу
ЕРЕЖЕСІ
Қазақстан Республикасының аудандары, облыстық маңызы бар қалалары әкiмдерiнiң сайлауын өткiзу ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының Конституциясына және "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының аудандары, облыстық маңызы бар қалалары әкімдерінің сайлауын ұйымдастыру мен өткiзудiң тәртібін айқындайды.
1. Қазақстан Республикасының аудандары, облыстық маңызы бар қалалары әкімдерінің сайлауы тиiсті әкiмшілiк-аумақтық бөліністерде жанама сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру арқылы өткiзіледi. Жанама сайлау құқығы көрсетiлген әкiмдердi таңдаушылардың - мәслихаттар депутаттары болып табылатын Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлауын білдіреді.
2. Аудан, облыстық маңызы бар қала әкімі төрт жыл мерзiмге сайланады.
3. Қазақстан Республикасының аудандары, облыстық маңызы бар қалалары әкімдерінің сайлауын Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы тағайындайды. Шығып қалған әкiмдердің орнына әкім сайлауды облыстық сайлау комиссиясы әкiм өкілеттiктерi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған күннен бастап екi айдан кешіктірмей, тағайындайды.
4. Кандидаттар осы Ережемен белгіленген шектерде сайлауға қатысуға тең құқылы.
5. Сайлауды өткiзу кезiнде дауыс беру таңдаушылардың ерiк бiлдiруiн қандай да болмасын бақылау мүмкiндiгiн болдырмайтын, жасырын болып табылады.
6. Қазақстан Республикасының аудандары, облыстық маңызы бар қалалары әкімдерінің сайлауын өткізу кезiнде:
1) дауыс беруге қатысқан таңдаушылардың елу проценттен астам дауысын алған;
2) қайта дауыс беру кезінде басқа кандидатқа қарағанда, дауыс беруге қатысқан таңдаушылардың дауыс санының көпшілігін алған кандидат сайланған болып есептеледі.
7. Әкiмдер сайлауын дайындау мен өткiзудi ұйымдастыратын сайлау органдары аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың аумақтық сайлау комиссиялары (бұдан әрі - аумақтық сайлау комиссиялары) болып табылады.
8. Аумақтық сайлау комиссиясы:
1) әкiмдер сайлауын өткiзудi қамтамасыз етедi;
2) әкiмдiкке ұсынылған кандидаттарды, олардың сенiм бiлдiрген адамдарын тiркейді, оларға тиiстi куәлiктер бередi;
3) дауыс беруге арналған бюллетень мәтiнiн бекітеді;
4) дауыс беруге арналған пункттi дайындайды, дауыс беруге арналған кабиналар мен жәшiктер дайындауды қамтамасыз етедi;
5) әкiмдi сайлаудың нәтижелерiн белгiлейдi, сайланған әкiмдi тiркейдi, сайлау нәтижелері туралы хаттаманы жоғары тұрған әкiмге бередi;
6) қайта сайлау өткiзедi;
7) "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңы мен осы Ережеге сәйкес басқа да өкілеттiктердi жүзеге асырады.
9. Аумақтық сайлау комиссиясының шешімдері мен iс-әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) шағым, егер осы Ережеде өзгеше көзделмесе, шешiм қабылданған немесе iс-әрекет (әрекетсiздiк) жасалған күннен бастап, он күн iшiнде жоғары тұрған сайлау комиссиясына немесе сотқа берiледi.
10. Сайлау күнi туралы хабарды аумақтық сайлау комиссиясы тиiсті әкiмшiлiк-аумақтық бөлініс тұрғындарының назарына жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жеткiзедi.
11.Әкiм болып сайлану үшiн азаматтың Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабына сәйкес белсендi сайлау құқығы болуға тиiс.
12. 25 жасқа толған және тиiсті облыс аумағында тұратын, сондай-ақ оған мемлекеттік саяси қызметшi ретiнде қойылатын талаптарға сәйкес келетiн азаматтар әкiмдiкке кандидат бола алады.
13. Сотталғандығы заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған адам әкімдікке кандидат бола алмайды.
14. Әкiмдiкке кандидаттарды балама негізде (яғни әкiм лауазымына кемiнде екi кандидат) ұсынуды облыс әкiмi жүзеге асырады.
15. Әкiмдiкке кандидаттарды ұсыну аумақтық сайлау комиссиясына облыс әкiмiнiң ұсынымы мен кандидаттардың тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөліністің аумағында әкiмдiкке кандидаттыққа дауысқа түсу келісімі туралы өтiнiштерiн беру арқылы жүргiзіледi.
16. Кандидаттарды ұсыну сайлау күнiнен қырық бес күн бұрын басталып, отыз күн қалғанда аяқталады.
17. Егер барлық ұсынылған кандидаттар оларды тiркегенге дейiн өз кандидатураларын алып тастаған немесе кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталатын күні аудан, облыстық маңызы бар қала әкімдігіне екіден кем кандидат тіркелген жағдайда, аумақтық сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсыну және тіркеу мерзiмiн ұзартады, бірақ ол он күннен аспауға тиіс.
18. Аумақтық сайлау комиссиясы кандидаттың оған қойылатын талаптарға сәйкестігiн белгілейді, ол туралы тиiстi хаттама жасайды.
19. Кандидат пен оның зайыбы (жұбайы) тiркеуге дейін тұрғылықты жерi бойынша салық органдарына ұсыну мерзімі басталатын айдың бiрiнші күніне мемлекет алдындағы салық мiндеттемелерінің орындалуына салық бақылауын қамтамасыз ететін уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен және нысанда табысы туралы және мүлкі туралы декларация ұсынады.
20. Кандидат пен оның зайыбы (жұбайы) жариялаған табысы туралы және мүлкі туралы мәліметтердің дұрыстығын тексеру "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
21. Кандидаттарды тiркеу мынадай құжаттар:
1) облыс әкiмiнің Қазақстан Республикасы ауданының, облыстық маңызы бар қаласының әкiмi лауазымына сай келетiн кандидаттарды ұсыну туралы ұсынымы;
2) әкiмдiкке кандидаттың дауысқа түсуге келiсiмi туралы өтініш;
3) әкімдікке кандидат туралы өмiрбаяндық деректер;
4) Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлiгiнің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен расталған көшірмесі;
5) кандидат пен оның зайыбының (жұбайының) табысы туралы және мүлкі туралы декларацияларды тапсырғаны туралы салық органының анықтамасы болған жағдайда, жүзеге асырылады.
22. Кандидаттардың тiркелгені туралы аумақтық сайлау комиссиясы хаттама жасайды.
23. Аумақтық сайлау комиссиясы:
1) кандидаттар тiркелгеннен кейiн төртiншi күннен кешіктірмей, жергілiкті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге тәсiлмен әрбiр кандидаттың тегiн, атын, әкесiнiң атын, туған жылын, атқаратын лауазымын, жұмыс (кәсiп) орны мен тұрғылықты жерiн, кандидаттың қалауына қарай оның саяси партияға қатыстылығы мен ұлттық тиесілілігі туралы мәлiметтердi көрсете отырып, тiркелгені туралы хабарлайды;
2) тiркеу кезiнде кандидаттарға тиiстi куәлiк бередi;
3) мынадай:
кандидатты ұсыну ережелерi бұзылған;
кандидат лауазымдық жағдайын немесе қызмет бабын асыра пайдаланған;
кандидаттың сайлау алдындағы үгітті жүргізу басталғанға дейін сайлау алдындағы үгітті жүргiзген фактілерi анықталған;
сайлаушыларды сатып алу фактілерi белгілi болған;
осы Ережеде көзделген өзге де талаптарды сақтамаған жағдайда кандидатты тiркеуден бас тартады немесе тiркеу туралы шешiмнiң күшін жояды.
24. Кандидатты тiркеуден бас тартуға немесе оны тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жоюға кандидат үш күн мерзiм iшiнде жоғары тұрған аумақтық сайлау комиссиясына немесе сотқа шағымдана алады.
25. Кандидаттарды тiркеу дауыс беретiн күннен қырық күн бұрын басталып, жиырма бес күн қалғанда аяқталады.
26. Кандидат тiркелгенге дейiнгi кезеңде және дауыс беруден 2 күн бұрын аумақтық сайлау комиссиясына бұл туралы жазбаша өтінішпен жүгіне отырып, өз кандидатурасын алып тастай алады.
Мұндай жағдайларда тиiстi аумақтық сайлау комиссиясы кандидатты тiркеудi жүргiзбейдi не кандидатты тiркеу туралы шешімнің күшiн жояды.
27. Тiркеу мерзiмi аяқталғаннан кейiн барлық кандидаттар шығып қалған жағдайда, сайлау мерзiмiн ұзарту туралы мәселенi облыстық сайлау комиссиясы шешедi.
28. Дауыс беруге екі күн қалғанда, кандидатты тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға немесе бұған дейін тіркеуден шығарылған кандидатты қалпына келтіруге жол берілмейді.
29. Сайлау алдындағы үгіт барлық кандидаттар тиiстi ауданда, облыстық маңызы бар қалада тiркелген күннен басталады және сайлау күнiнiң алдындағы күнi жергілiктi уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады.
30. Сайлау алдындағы үгіт:
1) заңнамаға сәйкес сайлау алдындағы көпшілiк iс-шараларын (сайлау алдындағы жиналыстар және таңдаушылармен кездесулер) өткізу арқылы;
2) баспа және өзге де үгіт материалдарын шығару және (немесе) тарату арқылы;
3) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүзеге асырылады.
31. Мемлекеттік органдарға, сондай-ақ қызметтік мiндеттерiн атқару кезінде олардың лауазымды адамдарына, сайлау комиссияларының мүшелерiне сайлау алдындағы үгiтті жүpгiзугe, кез келген сайлау алдындағы үгіт материалдарын таратуға тыйым салынады.
Таңдаушыларға сайлау науқаны үшiн арнайы әзiрленген баспа материалдарын, оның iшiнде безендiрілген материалдарды, сондай-ақ омырауға тағатын белгiлердi, жалаулар мен жалаушаларды тегiн таратуды қоспағанда, тегiн тауарлар, қызмет көрсетулер, бағалы қағаздар ұсынумен, сондай-ақ ақша төлеумен ұштастырылатын сайлау алдындағы үгiтті жүргiзуге тыйым салынады.
32. Аудан, облыстық маңызы бар қала әкімдігіне барлық кандидаттар аумақтық сайлау комиссиясында тiркелген сәттен бастап және үгіт науқаны аяқталғанға дейiн кандидаттардың өздерiнiң сайлау алдындағы бағдарламаларын үгiттеуге және насихаттауға құқығы бар.
33. Белсендi сайлау құқығына ие азаматтардың осы Ережеге сәйкес қандай да бiр кандидатты қолдап немесе оған қарсы, қаржыландыруды қажет етпейтін сайлау алдындағы үгітті кедергісiз жүргізуге құқығы бар.
34. Кандидаттардың оларға сайлау науқанын жүргізуде көмектесетiн, сайлау алдындағы үгiтті жүргiзетiн, кандидаттардың мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдарға, қоғамдық бiрлестiктерге, сайлау комиссияларына қатысты мүдделерiн білдiретiн бестен аспайтын сенiм бiлдiрген адамдарының болуына құқығы бар.
35. Кандидаттар сенiм бiлдiрген адамдарды өз қалауы бойынша айқындайды және олар туралы аумақтық сайлау комиссиясына тiркеу үшiн хабарлайды.
36. Аумақтық сайлау комиссиясы сенiм бiлдiрген адамдарды тiркегеннен кейiн оларға тиiстi куәлiктер бередi. 37. Сенiм бiлдiрген адам Қазақстан Республикасының азаматы болуға тиіс, мәслихат депутаты, қандай да болсын сайлау комиссиясының мүшесi, мемлекеттік саяси қызметші лауазымын атқаратын адам бола алмайды.
38. Сенiм білдiрген адамдар өзiне кандидат берген өкілеттіктер шегiнде iс-қимыл жасайды.
39. Сенiм бiлдiрген адамдар сайлау науқаны аяқталғаннан кейiн немесе өз бастамасы бойынша, не кандидаттың шешiмi бойынша өз мәртебесiн жоғалтады.
40. Сайлау күнi және оның алдындағы күнi кез келген сайлау алдындағы үгiтке тыйым салынады.
41. Дауыс беруге арналған үй-жайлардың сыртына бұрын ілiнген үгiттік баспа материалдары бұрынғы орындарында сақталуы мүмкін.
42. Аудан, облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау республикалық бюджет қаражаты есебінен осы мақсаттар үшін ашылатын жергілікті ақтарушы органдардың есепшоттары арқылы қаржыландырылады. Республикалық бюджеттен осы есепшоттарға келіп түсетін бюджет қаражатын жұмсауды аумақтық сайлау комиссиялары жүзеге асырады.
Республикалық бюджет қаражатынан:
1) сайлау комиссияларын ұйымдастыру мен оның қызметiне, үй-жайларды жалға алуға, iссапар шығыстарына, консультанттарға, сарапшыларға еңбекақы төлеуге;
2) кандидаттардың бұқаралық ақпарат құралдарындағы сөздерiне;
3) кандидаттардың сайлау алдындағы көпшiлiк іс-шараларын өткiзуге және үгiт материалдарын шығаруға;
4) кандидаттардың көлiк шығыстарына жұмсалатын шығыстары жабылады.
Аудан, облыстық маңызы бар қала әкімдігіне кандидаттарға бөлінетін қаражат мөлшерін Орталық сайлау комиссиясы республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат шегінде айқындайды.
43. Кандидаттардың әкімдер сайлауындағы сайлау алдындағы үгіті осы Ережеде белгіленген тәртіппен құрылған сайлау қорларының қаражатынан қаржыландырыла алады.
44. Әкiмдiкке кандидаттың сайлау қорын:
1) кандидаттың жалпы сомасы заңнамамен белгіленген ең аз еңбекақы мөлшерінен елу еседен аспауға тиiс жеке қаражаты;
2) Қазақстан Республикасы азаматтары мен ұйымдарының жалпы сомасы заңнамамен белгiленген ең аз еңбекақы мөлшерінен жүз еседен аспайтын epiкті қайырмалдықтары құрайды.
45. Сайлау қорытындылары анықталғаннан кейiн бес күннен кешiктiрмей, кандидат аумақтық сайлау комиссиясына өзiнiң сайлау қорының қаражатын пайдаланғаны жөнiнде есеп беруге мiндеттi.
46. Дауыс беру мен әкiмдер сайлауының қорытындыларын айқындау "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңында белгiленген сайлау рәсiмдерiне сәйкес жүзеге асырылады.
47. Әкiмдер сайлауы таңдаушылар-мәслихаттар депутаттары отырысында өткiзіледi.
48. Таңдаушылар отырысының, егер оған тиiсті әкiмшiлiк-аумақтық бөліністің мәслихат депутаттары жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысса, заңды күшi бар.
49. Таңдаушылар отырысына төрағалық етушi тиiстi аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы болып табылады.
Таңдаушылар отырысын өткiзу фактісін куәландыратын құжат отырыс хаттамасы болып табылады.
50. Аумақтық сайлау комиссиясы таңдаушылар отырысы өткiзілетiн үй-жайда әкiм сайлауы бойынша дауыс беруге арналған пункт ұйымдастырады.
Егер дауыс беру нәтижесiнде бiрде-бір кандидат сайланбаса, аумақтық сайлау комиссиясы ең көп дауыс алған екi кандидат бойынша қайта дауыс беруді тағайындайды. Қайта дауыс беру сол күні өткiзiледi.
51. Отырыс аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы әкiм сайлауы бойынша дауыс беру нәтижелерiн жариялағаннан кейiн жабылады.
52. Аумақтық сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижелерi бойынша сайлау нәтижелерi туралы хаттама жасайды. Сайлау қорытындылары туралы жергілiкті бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланады.
53. Егер сайлау жарамсыз деп танылса не екі кандидат дауысқа түскен кезде олар сайланбаса, облыстық сайлау комиссиясы қайта сайлау өткiзу туралы шешiм қабылдайды.
54. Қайта сайлау бастапқы сайлаулардан кейiн екi ай мерзiмнен кешiктірілмей, өткiзiледi. Жүзеге асырылуы қайта сайлау кезiнде көзделген сайлау iс-шаралары "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңына және осы Ережеге сәйкес өткiзіледi.
55. Қайта сайлау өткiзу туралы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланады.
56. Аумақтық сайлау комиссиясы сайлау өткiзілген күннен бастап бес күн мерзiм iшiнде сайланған әкiмдi тiркейдi. Аумақтық сайлау комиссиясының сайланған әкiмдi тiркеу туралы шешiмi жоғары тұрған әкiмге және тиісті мәслихатқа ұсынылады.
57. Аумақтық сайлау комиссиясы сайланған әкiмдi тiркегеннен кейiн жергілiктi бұқаралық ақпарат құралдарында әкiмнiң тегiн, атын, әкесiнiң атын, туған жылын, атқаратын лауазымын, жұмыс (кәсiп) орнын және тұрғылықты жерiн, әкiмнiң қалауына қарай оның саяси партияға қатыстылығы және қай ұлтқа тиесілілігі туралы мәлiметтердi көрсете отырып, әкiмдi тiркеу туралы ақпарат жариялайды.
58. Әкім мемлекеттік саяси қызметшінің антын берген сәттен бастап қызметіне кіріседі. Ант Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының мемлекеттік саяси қызметшілері антының мәтінін және Қазақстан Республикасы мемлекеттік саяси қызметшілерінің ант беру тәртібін бекіту туралы" 2000 жылғы 13 сәуірдегі № 372 Жарлығында белгіленген тәртіппен мәслихат депутаттары мен аумақтық сайлау комиссиясы мүшелерінің қатысуымен беріледі.
Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы әкім қызметіне кіріскен кезде оған белгіленген үлгідегі куәлік тапсырады.
59. Аумақтық сайлау комиссиясы таңдаушылардың тiзiмдерiн жасау ережесi, дауыс беру мен дауыстарды санау, сайлау қорытындыларын айқындау тәртібi бұзылған, осы Ереже басқадай бұзылған жағдайларда, егер осы iс-әрекеттер таңдаушылардың өз еркiн бiлдiру нәтижелерiн шынайы айқындауға мүмкiндiк бермейтiн болса, әкiмдер сайлауын жарамсыз деп тани алады.
60. Әкiм өкілеттіктерi:
1) оның өзі аудан, облыстық маңызы бар қала әкімі болып табылатын тиiсті облыс аумағынан тыс тұрақты тұрғылықты жерге көшкен;
2) соттың оны iс-әрекетке қабілетсiз, хабар-ошарсыз кеткен немесе қайтыс болған деп тану туралы шешiмi заңды күшіне енген;
3) оған қатысты соттың айыптау үкiмi заңды күшiне енген;
4) ол Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатқан;
5) ол қайтыс болған;
6) ол орнынан түсу туралы жеке өтiнiш берген жағдайларда, мерзiмiнен бұрын тоқтатылады.
61. Осы Ереженің 60-тармағының 1)-5)-тармақшаларында көрсетiлген негiздер бойынша әкiм өкілеттіктерiнiң тоқтатылуы оларда көрсетілген жағдайлар басталған сәттен басталады және облыс әкiмінiң шешiмiмен ресімделедi.
Әкiмнiң өкілеттiктерi осы Ереженің 60-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген негіздер бойынша, облыс әкiмінiң шешiмiмен орнынан түсу туралы өтiнiш берiлгеннен кейiн бiр айдан кешiктірілмей, тоқтатылады. Орнынан түсіруден бас тартқан жағдайда, әкiм қызметтiк өкілеттiктерiн атқаруды жалғастыруға тиiс және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен қызметiнен босауға құқығы бар.
62. Әкiм:
1) өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасының Президентi мен Yкiметiнiң актілерiн бұзған;
2) өзiнiң мiндеттерiн тиiсiнше атқармаған;
3) ұзақ мерзiм бойы (қатарынан үш айдан немесе күнтізбелік жыл iшiнде алты айдан аса) еңбекке жарамсыз болған жағдайларда, атқаратын лауазымынан мерзiмiнен бұрын босатылуы мүмкiн.
63. Осы Ереженің 62-тармағында көрсетілген негiздер бойынша әкiм атқаратын қызметiнен облыс әкiмінiң шешiмiмен аудан, облыстық маңызы бар қала прокурорының алдын ала қорытындысы және кейiннен алынған тиiстi аудандық (қалалық) мәслихат депутаттары жалпы санының кемiнде үштен екiсiнiң келiсiмi бар болғанда босатылады.
64. Осы Ереженiң орындалуына бақылау жасауды, оның бiрыңғай қолданылуын қамтамасыз етудi Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы жүзеге асырады.
Осы Ережемен реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының актілерімен шешіледі.
- Абай облысы
- Ақмола облысы
- Ақтөбе облысы
- Алматы облысы
- Атырау облысы
- Батыс Қазақстан облысы
- Жамбыл облысы
- Жетісу облысы
- Қарағанды облысы
- Қостанай облысы
- Қызылорда облысы
- Маңғыстау облысы
- Павлодар облысы
- Солтүстік Қазақстан облысы
- Түркістан облысы
- Ұлытау облысы
- Шығыс Қазақстан облысы
