ҚР сайлау жүйесі

Қазақстан Республикасының сайлау жүйесі туралы қысқаша ақпарат


Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Қазақстан халқы – мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендіктің иесі.

Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді.

Демократиялық сайлау – азаматтар өздерінің еркін таңдау құқығын пайдалана отырып, баламалы негізде мемлекеттік билік органдарына өз өкілдерін сайлайтын бәсекелі, мерзімді және өкілді сайлау. Сайлаудың бәсекелестік сипаты оған әр түрлі саяси партиялар мен кандидаттардың қатысуын қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасының заңнамасы сайлаудың мерзімді өткізілуін, билік органдарында халықтың әр түрлі әлеуметтік топтарының өкілдік етуін, сондай-ақ сайлау органдары қызметінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 35-бабы 18 жасқа толған Қазақстан Республикасы азаматтарының тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлауға және сайлануға, сондай-ақ жалпыхалықтық референдумға қатысуға құқығына кепілдік береді.

Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлауға және жалпыхалықтық референдумдарға қатысуға құқығы жоқ.

Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған, сотталғандығы заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлануға құқығы жоқ. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында кандидаттарға қойылатын өзге де талаптар белгіленген.

Қазақстан көптеген беделді халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесі ретінде еркін әрі бәсекелі сайлау өткізу жөнінде өзіне алған барлық міндеттемелерін сақтайды. Мемлекет басшысын, Құрылтай және мәслихаттар депутаттарын, сондай-ақ аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер және ауылдық округтер әкімдерін сайлау елімізде ашықтық пен жариялылық жағдайында, ұлттық заңнамаға және Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында (1948 ж.), Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде (1966 ж.), ЕҚЫҰ Копенгаген кеңесінің құжатында (1990 ж.) бекітілген демократиялық сайлаудың жалпыға бірдей танылған қағидаттарына сәйкес өткізіледі.

Сайлау және сайлану құқығы сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңмен реттеледі.

Конституция мен Конституциялық заңның ережелеріне сәйкес Президентті, Құрылтай, мәслихаттар депутаттарын, сондай-ақ әкімдерді сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы өткізіледі.

Қазақстан Республикасының Президенті болып тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын, қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын, жоғары білімі бар және мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде бес жыл жұмыс тәжірибесі бар Республика азаматы сайлана алады.

Қазақстан Республикасының Құрылтайы – заң шығару билігін жүзеге асыратын, тұрақты негізде жұмыс істейтін елдің жоғары өкілді органы. Құрылтай конституциялық заңда белгіленген тәртіппен біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорциялы өкілдік ету жүйесі негізінде сайланатын бір жүз қырық бес депутаттан тұрады.

Құрылтай депутаты болып жиырма бес жасқа толған, Қазақстан Республикасының азаматтығында тұратын және оның аумағында соңғы он жыл бойы тұрақты тұратын адам сайлана алады.

Құрылтай депутаттарының өкілеттік мерзімі – бес жыл.

Мәслихаттарды халық жалпыға бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайлайды.

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихат депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша сайланады: депутаттардың жартысы бірыңғай аумақтық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік жүйесі бойынша, ал екінші жартысы бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады.

Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың мәслихат депутаттары бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады.

Қазақстан Республикасының жиырма жасқа толған азаматы мәслихат депутаты болып сайлана алады.

Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалаларының, ауылдарының, кенттерінің және ауылдық округтерінің әкімдерін Қазақстан Республикасының жиырма бес жасқа толған, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес келетін азаматтарының арасынан тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің халқы жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы төрт жыл мерзімге сайлайды.