Сайлаушыға арналған ақпарат
Сайлаушыларды тіркеу және сайлаушылар тізіміне енгізу негіздері
Нақтылы сайлау учаскесiнде азаматты сайлаушылар тiзiмiне енгiзу үшiн оның осы сайлау учаскесiнiң аумағында тұрғылықты жерi бойынша тiркелу фактiсi негiз болады.
Сайлаушылардың тұрғылықты жерi бойынша тiзiмiн тиiстi жергiлiктi атқарушы орган жеке тұлғалар туралы мемлекеттік дерекқордың негізінде жасайды.
Әрбір сайлаушы сайлау жарияланған немесе тағайындалған кезден бастап тиісті жергілікті атқарушы органда сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы.
Азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу мәселелері Қазақстан Республикасының халықты тіркеу туралы заңнамасымен реттеледі.
Сайлаушылар тізімдері
Президенттi, Құрылтай мен мәслихаттардың депутаттарын, әкімді, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлаған кезде сайлаушылар тiзiмi жасалады.
Сайлаушылар тізімдеріне белсенді сайлау құқығы бар Қазақстан Республикасының азаматтары тиісті сайлау учаскелерінің аумағындағы тұрғылықты жері бойынша енгізіледі.
Уақытша тіркелген азаматтар тұрақты тіркелген жері бойынша тізімнен шығарыла отырып, жергілікті атқарушы органға берген өтініші негізінде сайлаушылар тізіміне енгізіледі.
Азамат сайлаушылардың бiр ғана тiзiмiне ене алады.
Әрбір сайлау учаскесі бойынша сайлаушылардың тізімдерін тиісті әкім дауыс беру басталардан жиырма күн бұрын акт бойынша учаскелік сайлау комиссиясына – электрондық түрде және (немесе) қағаз жеткізгіште, аумақтық және округтік комиссияларға электрондық түрде ұсынады.
Сайлаушылар тізімдерімен танысу
Азаматтардың тұрғылықты жері бойынша құрылған сайлау учаскелері бойынша сайлаушылардың тізімдері сайлаушыларға өздері туралы деректермен танысу үшін дауыс беру күнінен он бес күн бұрын ұсынылады.
Әскери бөлімдерде, Қазақстан Республикасына қарайтын және сайлау күні жүзуде жүрген кемелерде, демалыс үйлерінде, санаторийлік-курорттық ұйымдарда, стационарлық жағдайда емделіп жатқан, шалғай жерде және қатынасу қиын аудандарда орналасқан, азаматтар тұратын мекендерде, шалғайдағы мал шаруашылығы учаскелерінде, үздіксіз жұмыс істейтін өндірісі бар ұйымдарда, жұмысты вахталық әдіспен ұйымдастыру орындарында, қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде, Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегі шет елдердегі мекемелерінің жанынан құрылған сайлау учаскелеріндегі сайлаушыларға сайлаушылардың тізімдері өздері туралы деректермен танысу үшін дауыс беру күнінен бес күн бұрын (өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауды өткізу кезінде құрылған сайлау учаскелерінде – дауыс беру күнінен жеті күн бұрын) ұсынылады.
Әрбiр азамат сайлаушылар тiзiмдерiндегi өзi туралы деректердi тексеруге және тiзiмге енгiзiлмегенiне, дұрыс енгiзiлмегенiне немесе тiзiмнен шығарып тасталғанына, сондай-ақ тiзiмдегi сайлаушы туралы деректерде дәлсіздіктердің жiберiлгенiне шағым жасауға құқылы. Сайлаушылардың тізімдеріне енгізу, олардан шығарып тастау не тізімдерге түзетулер жасау қажеттiлігi туралы өтініштерді тиiстi сайлау комиссиясы өтініш сайлау комиссиясына келiп түскен күнi қарайды. Сайлау комиссиясы өтініш мақұлданбаған жағдайда өтініш берушіге оның өтінішінің мақұлданбағаны туралы уәжді шешiмнiң көшiрмесiн дереу бередi. Шешiмге сайлау комиссиясы орналасқан жердегі тиiстi сотқа шағым жасалуы мүмкін, сот шағымды келіп түскен күні қарайды.
Өтініш беруші үшiн оң шешiм қабылданған жағдайда сайлаушылар тiзiмін түзетуді немесе тiзiмге енгiзiлмеген сайлаушыны енгізуді сайлау комиссиясы дереу жүргiзедi.
Сайлаушының болу орнының өзгеруі
Танысу үшін сайлаушылар тiзiмдерiн ұсыну мен сайлау күні арасындағы кезеңде сайлаушы өзінің болу орнын ауыстырған кезде учаскелiк сайлау комиссиясы сайлаушының өтініші бойынша және ол жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде сайлаушыға дауыс беру құқығын беретiн есептен шығару куәлігін табыс етедi. Бұл ретте сайлаушылар тiзiміне тиiсті белгі қойылады. Дауыс беру құқығын беретiн есептен шығару куәлігін көрсеткен кезде учаскелiк сайлау комиссиясы дауыс беретін күнi сайлаушыны оның келген орны бойынша сайлау учаскесiндегi сайлаушылар тiзiміне енгізедi.
Есептен шығару куәлігі бір елді мекеннің шегіндегі басқа сайлау округінде немесе басқа сайлау учаскесінде дауыс беруге қатысқысы келетін сайлаушыларға берілмейді.
Есептен шығару куәліктерін беру дауыс беретін күннің алдындағы күні жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде тоқтатылады.
Орталық сайлау комиссиясы дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәліктерін дайындауды ұйымдастырады, оларды беру мен есепке алу тәртібін айқындайды.
Дауыс беру күні
Президенттi, Құрылтай мен мәслихаттар депутаттарын, әкімді, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерін сайлау жөнiндегi дауыс беру сайлау күнi жергiлiктi уақытпен сағат жетiден жиырмаға дейiн өткiзiледi. Аумақтық сайлау комиссиялары тиiстi әкiмнiң, учаскелiк сайлау комиссияларының ұсынысы бойынша дауыс берудi бастайтын және аяқтайтын басқа уақыт белгiлеуге хақылы. Бұл орайда дауыс берудi сағат алтыдан ерте бастап, сағат жиырма екiден кеш аяқтауға болмайды. Дауыс берудi бастау және аяқтау уақытын өзгерту туралы аумақтық комиссиялардың шешiмi сайлаушылардың назарына жеткізілуге тиіс.
Дауыс беру жасырын дауыс беруге арналған кабиналармен, сайлау бюллетеньдерін беру орындарымен және сайлау жәшіктерімен жабдықталған арнайы бөлінген үй-жайда өткізіледі. Сайлау жәшіктерін, сондай-ақ жасырын дауыс беруге арналған кабиналарға кіру мен шығуды бақылау мүмкіндігі қамтамасыз етілуге тиіс.
Әрбір сайлаушы жеке өзі дауыс береді. Дауыс беру құқығын басқаға беруге, сондай-ақ басқа адамдар үшін дауыс беруге жол берілмейді. Сайлау бюллетеньдері сайлаушының жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде сайлаушылар тізімдерінің негізінде беріледі. Сайлаушы бюллетеньдерді алғаны туралы тізімге қол қояды.
Дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беру
Жекелеген сайлаушылар денсаулық жағдайына, отбасының сырқат мүшесiне күтiм жасау себебiне, сондай-ақ сайлау учаскелерi құрылмаған шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда болуына байланысты дауыс беруге келе алмаған жағдайда, учаскелiк сайлау комиссиясы олардың дауыс беру күнi жергiлiктi уақыт бойынша сағат он екiден кешiктiрілмей берiле алатын жазбаша өтініші бойынша осы сайлаушылардың тұрған жерiнде дауыс берудi ұйымдастыруға тиiс.
Сайлау бюллетенін толтыру тәртібі
Дауыс берушiлер сайлау бюллетеньдерiн жасырын дауыс беруге арналған кабиналарда толтырады. Оларды толтыру кезiнде дауыс берушiден басқа кiмнiң болса да кiрiп тұруына тыйым салынады. Бюллетеньдердi өз бетiнше толтыруға мүмкiндiгi жоқ сайлаушы өзi сенетiн адамның көмегiн пайдалануға хақылы, оның аты-жөнi дауыс бергеннен кейiн сайлаушылардың тiзiмiне тiркелiп, тұсына сайлаушының бюллетень алғандығы жөнiнде қолы қойылады.
Этим лицом не может быть:
- сайлау комиссиясының мүшесi;
- жергiлiктi өкiлдi немесе атқарушы органның лауазымды адамы;
- кандидаттың сенiм бiлдiрген адамы;
- бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлi-журналист;
- тиiстi сайлау комиссиясында тiркелген байқаушы.
Бюллетеньге қарындашпен белгi қоюға, сондай-ақ оған қандай да болсын түзету енгiзуге жол берiлмейдi.
Толтырылған бюллетеньдердi сайлаушы дауыс беруге арналған жәшiкке салады.
- Абай облысы
- Ақмола облысы
- Ақтөбе облысы
- Алматы облысы
- Атырау облысы
- Батыс Қазақстан облысы
- Жамбыл облысы
- Жетісу облысы
- Қарағанды облысы
- Қостанай облысы
- Қызылорда облысы
- Маңғыстау облысы
- Павлодар облысы
- Солтүстік Қазақстан облысы
- Түркістан облысы
- Ұлытау облысы
- Шығыс Қазақстан облысы
