Қазақстан Республикасындағы сайлау органдарының құрылымы және оларды қалыптастыру қағидаттары
Қазақстан Республикасында сайлауды әзірлеу мен өткізуді ұйымдастыратын мемлекеттік сайлау органдары сайлау комиссиялары болып табылады. Сайлау комиссияларының өкілеттік мерзімі бес жылды құрайды.
Сайлау комиссияларының бірыңғай жүйесін:
- Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы;
- аумақтық сайлау комиссиялары;
- округтік сайлау комиссиялары;
- учаскелік сайлау комиссиялары құрайды.
Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы сайлау комиссияларының бірыңғай жүйесіне басшылық етеді және тұрақты жұмыс істейтін орган болып табылады.
Қазақстан Республикасының Президенті Орталық сайлау комиссиясының Төрағасын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады, сондай-ақ Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен білдірілген келісімімен Орталық сайлау комиссиясының алты мүшесін бес жыл мерзімге лауазымға тағайындайды.
Орталық сайлау комиссиясының қарамағында аумақтық сайлау комиссияларының ұйымдастырушылық қызметіне жәрдемдесу және оның сайлау қызметінде цифрлық инфрақұрылым объектілерін, интернет-ресурсты құруды, дамытуды, енгізуді, сүйемелдеуді, әкімшілендіруді, пайдалануды және жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, сондай-ақ сайлаушылардың құқықтық мәдениетін арттыру, сайлау ұйымдастырушыларды және сайлау процесінің басқа да қатысушыларын оқыту саласындағы жұмыстарды ұйымдастыру, үйлестіру және қамтамасыз ету функцияларына кіретін ведомстволық бағынысты ұйымдар болады.
Орталық сайлау комиссиясын және оның аппаратын ұстауға арналған шығыстар республикалық бюджеттен қаржыландырылады.
Аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін саяси партиялардың ұсыныстары негізінде тиісті мәслихаттар сайлайды.
Әрбір саяси партия тиісті сайлау комиссиясының құрамына бір кандидатура ұсынуға құқылы. Саяси партия сайлау комиссиясының құрамына осы саяси партияның мүшесі болып табылмайтын кандидатураларды ұсынуға құқылы.
Саяси партиялар мәслихат белгілеген мерзімде ұсыныстар бермеген жағдайда, мәслихаттар өзге де қоғамдық бірлестіктердің және жоғары тұрған сайлау комиссияларының ұсынысы бойынша сайлау комиссиясын сайлайды.
Жоғары тұрған сайлау комиссиясы қажет болған кезде сайлау комиссиясының құрамын қалыптастыратын орган сайлау комиссиясының мүшесін сайлағанға дейін бос орынға сайлау комиссиясының мүшесін Сайлау туралы Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен тағайындайды.
Қазақстан Республикасы сайлау органдарының негізгі өкілеттіктері
Орталық сайлау комиссиясы:
- Қазақстан Республикасының аумағында сайлау туралы заңнаманың орындалуын бақылауды жүзеге асырады; оның біркелкі қолданылуын қамтамасыз етеді; өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында міндетті шешімдер қабылдайды;
- Президентті және Құрылтай депутаттарын сайлауды әзірлеу мен өткізуді ұйымдастырады;
- мәслихаттар депутаттарының, әкімдердің және өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерінің сайлауын ұйымдастыру және өткізу кезінде аумақтық сайлау комиссияларына әдістемелік басшылықты жүзеге асырады және олардың қызметінің сайлау заңнамасының талаптарына сәйкестігін бақылайды.
Аумақтық сайлау комиссиясы:
- әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында сайлау туралы заңнаманың орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
- Президентті, Құрылтай және мәслихаттар депутаттарын, әкімді, жергілікті өзін-өзі басқарудың өзге де органдарының мүшелерін сайлауды әзірлеу мен өткізуді қамтамасыз етеді;
- төмен тұрған аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының қызметіне басшылық етеді;
- сайлаушылар және сайлау учаскелерінің шекаралары туралы мәліметтердің өзектілігі мен анықтығын, дауыс беруге арналған сайлаушылар тізімдерінің уақтылы әрі дұрыс жасалуын және олардың жалпы жұрттың танысуы үшін ұсынылуын бақылайды;
- әкімдер сайлауын тағайындайды және өткізуді ұйымдастырады;
- шығып қалғандардың орнына сайлау округтері бойынша мәслихат депутаттарының сайлауын тағайындайды;
- сайлау туралы заңнаманы түсіндіруді ұйымдастырады; сайлау процесіне қатысушыларды оқытуды ұйымдастырады және өткізеді; сайлауды ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша саяси партиялардың өкілдерімен және сайлау процесінің басқа да қатысушыларымен семинарлар өткізеді.
Округтік сайлау комиссиясы:
- тиісті сайлау округінің аумағында сайлау туралы заңнаманың орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
- бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша мәслихаттардың депутаттарын сайлауды өткізуді ұйымдастырады;
- бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына қайта сайлау мен сайлау өткізеді;
- учаскелік сайлау комиссияларының қызметін ұйымдастырады және үйлестіреді;
- сайлау округі бойынша дауыс беру нәтижелерінің жоғары тұрған сайлау комиссиясына берілуін қамтамасыз етеді.
Учаскелік сайлау комиссиясы:
- сайлау учаскесiнде Президенттi, Құрылтайдың, мәслихаттардың депутаттарын, әкімді және өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау жөнiндегi сайлау шараларын жүргiзедi;
- учаскелiк комиссияның орналасқан жерi туралы сайлаушыларды хабарландырады;
- тиiстi сайлау учаскесiнде сайлаушылардың тiзiмiн нақтылайды;
- азаматтарды сайлаушылардың тiзiмiмен таныстырады, тiзiмдердегi қателiктер мен жаңсақтықтар туралы арыздарды қарайды және оған тиiстi өзгерiстер енгiзу туралы мәселелердi шешедi;
- мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыруы үшін қажетті шараларды қабылдайды;
- сайлаушыларды дауыс беру күнi, уақыты және орны туралы хабарландырады;
- дауыс беруге арналған үй-жайды дайындайды, кабиналар мен дауыс беруге арналған жәшiктердiң болуын қамтамасыз етедi;
- сайлау күнi сайлау учаскесiнде дауыс берiлуiн ұйымдастырады;
- дауыстарды санайды және учаскедегі дауыс беру нәтижелерін анықтайды;
- дауыс берудi әзiрлеу мен ұйымдастыру мәселелерi жөнiндегi арыздар мен шағымдарды қарайды және солар бойынша шешiмдер қабылдайды;
- сайлау туралы заңнаманы түсіндіруді ұйымдастырады; сайлау процесіне қатысушыларды оқытуды ұйымдастырады және өткізеді; саяси партиялардың өкiлдерiмен және сайлау процесіне басқа да қатысушылармен сайлауды ұйымдастыру және өткізу жөнiнде семинарлар өткiзедi.
- Абай облысы
- Ақмола облысы
- Ақтөбе облысы
- Алматы облысы
- Атырау облысы
- Батыс Қазақстан облысы
- Жамбыл облысы
- Жетісу облысы
- Қарағанды облысы
- Қостанай облысы
- Қызылорда облысы
- Маңғыстау облысы
- Павлодар облысы
- Солтүстік Қазақстан облысы
- Түркістан облысы
- Ұлытау облысы
- Шығыс Қазақстан облысы
