| 10.07.2026 |
|
НҰРЛАН ӘБДІРОВ ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТАРЫН САЙЛАУДЫ БАЙҚАУ
БОЙЫНША ЕҚЫҰ ДИАҚБ МИССИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫМЕН
КЕЗДЕСТІ
Бүгін Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров басшылығымен ОСК мүшелері Қазақстан Республикасының Құрылтайы депутаттарының сайлауын байқау бойынша ЕҚЫҰ ДИАҚБ Миссиясының Басшысы Винсент Пикет бастаған миссия мүшелерімен кездесті.
Нұрлан Әбдіров Қазақстан Республикасының Құрылтайы депутаттарының алғашқы сайлауына дайындық барысы туралы жан-жақты айтып берді. Сондай-ақ Ортсайлауком Төрағасы Миссия мүшелерін конституциялық реформаның негізгі ережелерімен, еліміздің жоғары өкілді органын қалыптастырудың жаңа үлгісімен, жаңартылған сайлау заңнамасының негізгі жаңалықтарымен, сайлау науқанының қазіргі кезеңдерімен және оларды іске асыру жөніндегі ОСК-ның жұмысы туралы хабардар етті.
«2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданып, заң шығарушы биліктің жаңа моделі бекітілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституция - тарихи құжат, мемлекетіміздің ұзақмерзімді мақсат-мұратын айқындайтын Негізгі Заң. Конституциялық реформа екі палаталы Парламенттен пропорционалды өкілдік жүйесіне негізделген бір палаталы Құрылтайға көшуді бекітті. Қазақстан Республикасының Құрылтайы жаңа сайлау жүйесінің қалыптасуы еліміздің мемлекеттік-құқықтық моделінің терең жаңғыруын білдіреді. Сонымен қатар, конституциялық реформа ағымдағы жылдың 1 шілдесінде құқықтық тұрғыдан бастау алды. Дәл осы күні реформаны іске асыру мақсатында қабылданған барлық нормативтік құқықтық актілер заңды күшіне енді», - деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.
Кездесу барысында сайлауды ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. ОСК Төрағасы Миссия өкілдерін сайлауға дайындық барысы, сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру, олардың мүшелерін оқыту жүйесі, сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз ету және сайлаушыларды ақпараттандыру жөніндегі шаралар, сондай-ақ қоғамдық және халықаралық байқаушылардың қатысуы туралы хабардар етті.
Сонымен қатар, Нұрлан Әбдіров Орталық сайлау комиссиясы мен ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросымен көпжылдық ынтымақтастығының маңызын атап өтіп, өзара іс-қимылдың маңызды құрамдас бөлігінің бірі Миссия ұсынымдарын дәйекті түрде іске асыру жөніндегі жүйелі жұмыс болып қала беретіндігін ерекше атап өтті.
«Біз ЕҚЫҰ ДИАҚБ-мен әрдайым ашық диалог, кәсіби өзара түсіністік және өзара құрмет қағидаттарына негізделген көпжылдық ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз. Қазіргі сайлау науқаны барысында да біздің өзара іс-қимылымыз осындай сындарлы сипатта жалғасатынына сенімдімін. Өз кезегінде, Орталық сайлау комиссиясы халықаралық байқаушылардың өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына және еліміздің халықаралық міндеттемелеріне сәйкес жүзеге асыруы үшін дәстүрлі түрде барлық қажетті жағдайды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, ЕҚЫҰ ДИАҚБ-ның қорытынды есептерінде қамтылған ұсынымдармен жүйелі түрде жұмыс жүргізетінімізді атап өткен жөн. Мұндай тәсіл оларды жан-жақты талдауға мүмкіндік беріп, сайлау жүйесін одан әрі жетілдіруге ықпал етеді», - деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.
Өз кезегінде Миссия Басшысы Винсент Пикет Қазақстан Республикасында өткізілетін сайлаудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның ЕҚЫҰ құрамындағы айрықша рөліне тоқталды.
«Қазақстан ЕҚЫҰ құрамындағы аса маңызды әрі беделді серіктес болып табылады. Ел тарихындағы алғашқы Құрылтай депутаттарының сайлауын байқау бойынша ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясын шақырғандарыңыз үшін алғысымызды білдіреміз. Өзіңіз атап өткендей, Қазақстан қазіргі уақытта институционалдық және заңнамалық жаңғырудың маңызды кезеңінен өтуде. Сондықтан біздің Миссия үшін бұл сайлауды байқау ерекше маңызды. Біз Қазақстанмен қалыптасқан серіктестікті және Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясымен жолға қойылған ашық әрі сындарлы диалогты жоғары бағалаймыз», -деп түйіндеді Винсент Пикет.
Кездесу қорытындысы бойынша Орталық сайлау комиссиясы сайлау науқанын қатаң түрде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өткізіп, сайлау процесіне қатысушылардың барлығы үшін тең жағдай жасайтыны атап өтілді.
- Абай облысы
- Ақмола облысы
- Ақтөбе облысы
- Алматы облысы
- Атырау облысы
- Батыс Қазақстан облысы
- Жамбыл облысы
- Жетісу облысы
- Қарағанды облысы
- Қостанай облысы
- Қызылорда облысы
- Маңғыстау облысы
- Павлодар облысы
- Солтүстік Қазақстан облысы
- Түркістан облысы
- Ұлытау облысы
- Шығыс Қазақстан облысы
.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)
