| 08.08.2026 |
|
ОСК МҮШЕЛЕРІ АҚТӨБЕ ЖӘНЕ ЖЕТІСУ ОБЛЫСТАРЫНДА БОЛЫП,
ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТАРЫН САЙЛАУЫНА ДАЙЫНДЫҚТАРЫН
ТЕКСЕРДІ
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Құрылтай депутаттарын сайлауға өңірлердің дайындығын кешенді бағалауды жалғастыруда. Инспекциялық сапарлар аясында 6-7 тамыз күндері Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов Ақтөбе облысында, ал Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманақұмов Жетісу облысында болды.
Ақтөбе облысы
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісовтің Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылындағы 6 сайлау учаскесінің және Ақтөбе қаласындағы сайлау учаскелерінің дауыс беруді өткізуге дайындығы, кедергісіз орта жағдайының қамтамасыз етілуі, сондай-ақ сайлау комиссиялары мүшелерінің даярлық деңгейі негізгі назарда болды.
Ол мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі мониторингтік топтың мүшелерімен кездесті. Талдау барысында мониторингтік топ мүшелері мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне қолайлы әрі сапалы жағдай жасауды қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударуды жоспарлап отыр.
«Дәстүрлі түрде сайлауға дайындық кезеңінде біз бұл жұмысқа мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері мен мүдделі мемлекеттік органдарды тартамыз. Олардың қатысуы сайлау учаскелеріндегі жағдайға объективті баға беруге, азаматтардың нақты қажеттіліктерін ескеруге және ықтимал кедергілерді жою бойынша дер кезінде шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Дауыс беру күні әрбір азаматтың денсаулық жағдайына қарамастан, өзінің сайлауға қатысуға қатысты конституциялық құқығын дербес әрі тең жағдайда жүзеге асыруы маңызды», - деп атап өтті Шавхат Өтемісов.
Мониторингтік топ мүшелері алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісіп, сондай-ақ есту қабілеті бұзылған адамдар үшін ақпараттың қолжетімділігін арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.
Жұмыс сапарының тағы бір басым бағыты сайлау комиссиялары мүшелерінің практикалық даярлығы болды. Орталық сайлау комиссиясының хатшысы аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының 100 мүшесіне арналған оқыту семинарына қатысып, Орталық сайлау комиссиясы тарапынан еліміздің барлық өңірінде енгізілген каскадты оқыту моделінің аталған өңірде тәжірибеде жүзеге асырылу барысымен танысты.
Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауын өткізу кезінде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының нормаларын бірізділікпен қолдану ерекше маңызға ие. Осыған байланысты оқыту бағдарламасы сайлау процесінің барлық кезеңдеріндегі іс-қимыл алгоритмдерін тәжірибелік тұрғыдан пысықтауға бағытталды. Атап айтқанда, азаматтарды ақпараттандыру, дауыс беруді ұйымдастыру, мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету, сондай-ақ байқаушылармен, сенім білдірілген адамдармен және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен өзара іс-қимыл жасау мәселелері қамтылды.
Оқытудың тиімділігін бағалау мақсатында сайлау комиссиялары мүшелерінің сайлау заңнамасы нормалары мен сайлау рәсімдерін білу деңгейін анықтауға арналған бақылау тестілеуі өткізілді.
Инспекция қорытындылары және сайлауға одан әрі дайындық мәселелері Шавхат Өтемісовтің төрағалығымен өткен кеңесте қаралды. Кеңеске аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы, жергілікті атқарушы, құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Кеңесті ашқан Орталық сайлау комиссиясының хатшысы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және олардың лауазымды адамдарының сайлау комиссияларына өз өкілеттіктерін жүзеге асыруда жәрдем көрсететінін атап өтті. Ол дауыс беруді ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз ететін барлық мемлекеттік органдардың үйлесімді әрі үйлестірілген жұмысы шешуші мәнге ие екенін ерекше атап өтті.
Осыған байланысты Шавхат Өтемісов кеңеске қатысушылардың назарын байланыс құралдары мен интернет желісінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге, сайлау инфрақұрылымының толық дайын болуына, азаматтардан келіп түсетін өтініштер санының артуы жағдайында call-орталықтардың тиімді жұмыс істеуіне, сондай-ақ мониторинг барысында анықталған сайлау учаскелерінің қолжетімділігіне қатысты кемшіліктерді жедел түрде жою қажеттігіне аударды.
Азаматтарды ақпараттандыру мәселесіне де ерекше ден қойылды. 7 тамыздан бастап сайлаушыларға дауыс беруге құқығы бар азаматтардың тізіміндегі өз деректерін тексеруге, сондай-ақ электрондық сервистер арқылы өзінің сайлау учаскесінің нөмірі мен мекенжайын білуге мүмкіндік берілді.
Онлайн-сервис GOV.KZ порталында, сайлау науқанының мамандандырылған интернет-ресурстарында және eGov Mobile мобильді қосымшасының «Танымал қызметтер» бөлімінде қолжетімді. Пайдаланушылардың қолайлылығы үшін сервистерге QR-кодтар арқылы да қол жеткізу мүмкіндігі ұйымдастырылған.
Анықтама үшін: Ақтөбе облысында Құрылтай сайлауын өткізуге 3 557 комиссия мүшесі бар 539 сайлау комиссиясы жұмылдырылуда.
Жетісу облысы
Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауына дайындық аясында 6-7 тамыз күндері Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманакумов Жетісу облысының дауыс беруді өткізуге дайындығына инспекциялық тексеру жүргізді. Өңірде 479 сайлау комиссиясы құрылып, олардың құрамында 2 989 комиссия мүшесі жұмыс істейді.
Жетісу облысындағы сайлаушылар саны - 443 220 азамат.
Инспекциялық бағдарлама Талдықорған және Текелі қалаларын, сондай-ақ Ескелді ауданын қамтыды. Бұл өңірлерде Орталық сайлау комиссиясы мүшесінің жұмысы сайлау учаскелерінің дауыс беруге дайындығын бағалаумен қатар, учаскелік сайлау комиссияларының өз қызметінің алғашқы күнінен бастап практикалық жұмысқа қаншалықты дайын екендігіне де бағытталды. Атап айтқанда, азаматтарды ақпараттандыруды ұйымдастыру, сайлаушылар тізімдерін нақтылау, дауыс беруге қажетті жағдайларды қамтамасыз ету және сайлау рәсімдерін заңнама талаптарына сәйкес қолдану мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сапар аясында Азамат Айманакумов облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы, жергілікті атқарушы, құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың басшыларының қатысуымен кеңес өткізді. Кеңесте мемлекеттік органдардың сайлау комиссияларына өз өкілеттіктерін жүзеге асыруда жәрдем көрсету жөніндегі өзара іс-қимыл мәселелері қаралды. Атап айтқанда, сайлау учаскелерінің дайындығын қамтамасыз ету, байланыс пен электрмен жабдықтаудың үздіксіз жұмысын ұйымдастыру, қоғамдық тәртіпті сақтау және дауыс беруді өткізуге қажетті өзге де ұйымдастырушылық жағдайларды қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі семинар бағдарламасына да ерекше назар аударды. Бағдарлама сайлау науқанының негізгі міндеттерін ескере отырып әзірленген. Семинарға қатысушыларға Құрылтай депутаттарының сайлауын дайындау және өткізу мәселелері, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңындағы жаңа нормаларды практикада қолдану, сайлауды ақпараттық қамтамасыз етудің ерекшеліктері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің, байқаушылардың құқықтары мен міндеттері және олардың сайлау комиссияларымен өзара іс-қимыл жасау тәртібі бойынша түсіндірмелер берілді.
Орталық сайлау комиссиясының мүшелері инспекциялық сапарлармен еліміздің барлық өңірін аралайды. Олардың негізгі міндеті - сайлау заңнамасының нормаларын бірізділікпен қолдануды қамтамасыз ету, туындауы ықтимал ұйымдастырушылық мәселелерді уақытылы анықтап, оларды шешу, сондай-ақ Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауының заңдылық, ашықтық, жариялылық қағидаттарына және сайлау процесіне қатысушылардың барлығы үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ете отырып өткізілуіне кепілдік беру.
- Абай облысы
- Ақмола облысы
- Ақтөбе облысы
- Алматы облысы
- Атырау облысы
- Батыс Қазақстан облысы
- Жамбыл облысы
- Жетісу облысы
- Қарағанды облысы
- Қостанай облысы
- Қызылорда облысы
- Маңғыстау облысы
- Павлодар облысы
- Солтүстік Қазақстан облысы
- Түркістан облысы
- Ұлытау облысы
- Шығыс Қазақстан облысы




